EXPO – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін Астанада өткізу – Қазақстанның негізгі ірі жобаларының бірі болды. Ол жобаны өткізу үшін еліміз бір жұдырықтай жұмыла отырып, талмай еңбек етті. Көрме «Болашақтың энергиясы» атты тақырыпта өтті. Көрмеге кіргенде еліміздің қаншалықты дамып келе жатқандығын, дамыған елдермен тең дәрежеде болудың иісі алыс емес екендігін сезінесің. Бұл көрмеге біз жаздық каникулда сыныппен барған едік. Көрмені бір күнде аралап шығу мүмкін емес болды. Сондықтан қаңтар айында тағы да барып, аралап қайтуды жоспарладық. EXPO-2017 көрмесі арқылы біз жасыл энергия туралы көп тәжірибелік жұмыстарды көрдік. Көрме адамдарға өте қолайлы жасалған. Әр қабаттың өзіне белгілі бір атаулар берілген. Күн, жер, су, ғарыш және тағы да басқа қызықты тақырыптар болды. Көрмені көру арқылы болашаққа деген өте үлкен әсер алдық. Энергия арқылы жасалған нәрселер тек қана көрмеде қалып қоймауы үшін, әрқайсысымыз өз алдымызға болашақта бар әлемді таң қалдыратындай керекті нәрселерді ойлап табуды мақсат еттік. Бәріміз үшін ең қызықты болған Қазақстан павильоны. Елімізден осынша керемет туындылар шығады деп ойламадық. Бізді қатты қызықтырған «Ақылды үй» болды. Абай атамыз өзінің отыз жетінші қара сөзінде «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады» деп айтқандай алған өте керемет әсерімізді ойымыздағыдай айтып жеткізу мүмкін емес. Өткен қөрмеде еліміздің жас студенттерінің өздері талмай еңбек етті. Шет елдерден келген қонақтарды жылы қарсы алып, көңілдерінен шыға білді. Бір жағынан елімізде тілдің де дамып келе жатқандығын көрсетті. Бізді ең қатты алаңдатқаны бұл көрменің, бұл уақыттардың енді қайтып оралмайтындығы. Бұл көрмені көрген де арманда, көрмеген де арманда. Көрмені бір көргеннен-ақ энергия тақырыбында екендігін сезіне аласың. Көрме еліміздің басқа елдердің алдында дәрежесінің артуына ғана емес, еңбекқор, ақылды жас дарындылардың артуына да көп әсерін тигізді. Абай атамыз айтқандай адам өмірге көрсем, білсем деп келеді. Сондықтан, қазіргі жастарға және болашақ ұрпаққа айтарым көруге, білуге асық болайық. Бұл көрмені ұйымдастырған адамдар да біз сияқты адамдар. Алла Тағала барлығын бірдей қылып жаратқан. Ары қарай дамуыңның барлығы да өз қолыңда. Ізденіс, талпыныс болса кез-келген адам осындай дәрежеге жетіп, өз елін бар әлемге жарқ еткізіп шығара алады. Біздің осы көрмемен ғана шектеліп қалмауымыз керек. Осы көрмеде көрген әр нәрсеге мұқият қарап, қазірден бастап елімізге жаңа өзгерістер енгізуге асық болуымыз керек. Көрме маған өте үлкен әсерін тигізді. Бұл көрме арқылы мен өз арманымды мақсатыма айналдырып, мақсатыма жетуім үшін жұмыс жасай бастадым. Себебі, менің де басқалар сияқты өз елімді бар әлемге танылтып, елімнің мақтан тұтар азаматы болғым келеді. Елбасымыздың жолдауында айтылған рухани жаңғыру деген осы!